Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны
Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Әнұран» терминінің өзі гректің «гимнео» сөзінен шыққан және «салтанатты ән» дегенді білдіреді. Әнұран ел азаматтарының тиімді әлеуметтік-саяси консолидациясы мен этномәдени сәйкестендіруі үшін шешуші маңызы бар маңызды дыбыстық символика қызметін атқарады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
1992 жылы республика мемлекеттік егемендік алғаннан кейін Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау нәтижесінде Қазақ КСР әнұранының музыкалық басылымын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди алғашқы қазақстандық әнұранның музыкасының авторлары атанды. Үздік мәтін байқауын да белгілі ақындар: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаева ұсынған авторлар тобы жеңіп алды.
Еліміздің дыбыстық рәміздерін танымал ету мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оған арқау болған «Менің Қазақстаным» патриоттық әні. Оны 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдеріне жазған. Әнге мемлекеттік әнұранның жоғары мәртебесі мен салтанатты үнін беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түпнұсқа мәтінді пысықтады.Қазақстан Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтардағы палаталардың бірлескен отырысында тиісті түзетулер енгізді. «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа және еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!